Жылқының қандай пайдасы бар?

Жылқы қолға үйретілгеннен кейін, оның шынайы мүмкіндіктері ашылды. Бұл жануар – шаруашылықта, соғыста және тауар тасымалдау кезінде таптырмас көмекші екендігі анықталды.

Пайдасы

Жылқылар тарихымыздың барлық кезеңінде адамдардың негізгі көлік құралы болып саналып, көшпелі халықтардың қоныс аударуын жеңілдеткен. Сонымен қатар, олар сауда қатынастарының дамуына ықпал етті. Жануардың көмегімен көршілес қалалармен және мемлекеттермен сауда жасалды.

Ежелгі заманнан бері жылқы – көшпенді халықтарға жаулармен күресуге мүмкіндік берген. Адамдар соғыс алаңында міндетті түрде жылқыларды қолданған, атты әскер шешуші күш болып саналды. Олардың арқасында, қазақ жауынгерлері кең байтақ жерімізді басқыншылардан сақтап қалды.

Атқа міну – асқорыту, жүйке, тыныс алу және эндокриндік жүйелерге жағымды әсер етеді екен. Салт жүріс кезінде арқа, аяқ, бел және жамбас бұлшықеттері іске қосылып, денедегі бұлшықеттердің тонусы жақсарады. Анда-санда ауылға барып, атпен серуендейтін болсаңыз, қалада жинақталған проблемаларды ұмытып, шаршауды басасыз.

Біздің ата-бабаларымыз бие сүтінен қымыз ашытып, оның емдік қасиеттері туралы жақсы білетін. Қымыз туберкулезді, дәрумендердің жетіспеушілігін, асқазан-ішек жолдары ауруларын және жүрек ауруларын емдеуге арналған керемет сусын.

Жылқының ауыл шаруашылығында алатын орны жайлы айта кету керек. Техниканың қарқынды дамуына байланысты, ауыл шаруашылығында оның маңызы біршама төмендегенімен, адамдар бұл еңбекқор жануардың көмегіне әлі күнге дейін жүгінеді. Оны ұстау ыңғайлы, өйткені басқа жануарлармен салыстырғанда олар инфекциялық ауруларға сирек ұшырайды.

Қазақтар бұл жануарды ерекше құрметтейді. Жылқылар мыңдаған жылдар бойы адам өмірінің көптеген саларына тікелей қатысып, оның адал көмекшісі және серігі болды.