Жолда жүру ережесі тақырыбына тәрбие сағаты

Тақырыбы: «Жол тәртібін білейік»

Мақсаты: Жолда жүру тәртібін бұзбауды насихаттап, белгілермен таныстыру. Бағдаршамның маңызды рөлін түсіндіру.

Әдісі: өлеңдер, сұрақ-жауап, ойындар.

Оқушылар үш топқа бөлініп, әр топ өз шеңберінде отырады. Үстелде сынып сағатына арналған материалдар орналасқан. Балалар осы материалдарды ойын немесе викторина кезінде қолданатын болады.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: Балалар, біз қалада өмір сүргендіктен, көшелеріміз арқылы көптеген автокөліктер мен автобустар жүреді. Жол көлігі апаттарын болдырмау үшін, заңда жазылған талаптарды жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілерде қатаң сақтауға тиіс.

Егер көшедегі көліктердің қозғалысын мұқият бақыласаңыз, олардың барлығы белгілі бір тәртіпке бағынатының байқауға болады. Бұл тәртіпті реттейтін заң — «Жол қозғалысының ережелері» деп аталады. Кез-келген көше, қиылыс немесе өткел, бізбен осы тілде сөйлеседі.


II. Негізгі бөлім

Өлеңдер. Сабағымызды тақырыпқа сәйкес келетін өлеңдерден бастайық. Әр топ бір тақпақтан айтсың.

1-топ

Торабында жолдардың,

Өте алмай қап, дағдарсаң,

Жолаушыны қолдар шын

Белгі беріп бағдаршам.

2-топ

Үлкен жолда жатқан көлік ағылып,

Қарамайды жолаушыға көлдеңен.

Кетпес пе екен жүрісінен жаңылып,

Жол тәртібін, ережесін білмеген.

3-топ

Үлкен — кіші қала бар.

Ой жүгіртіп қарап ал,

Көше заңы тым қатал

Сақ болыңдар балалар!

Мұғалім: Жарайсыңдар, оқушылар! Айтылған өлеңдердің барлығы маған қатты ұнады. Сабағымызды ары қарай жалғастырайық.


Бағдаршам

Жолды кесіп өтуге мен қамдансам,

Қиылыста қарсы алады бағдаршам.

Менікіндей екеу емес, үш көзді,

Әр көзінің түсі бөлек, аңғарсаң.

Бағдаршам — бұл жарық сигналдарын беру арқылы, жолдағы қозғалысты реттейтін арнайы құрылғы. Ол адамдарға жолдан дұрыс өтуге көмектеседі. Қазір мен бағдаршам сигналдарын көрсетемін, ал сіздер келесі әрекетерді орыңдауларыңыз керек:

қызыл — бір орында тұру

сары — шапалақтау

жасыл — орында тұрып адымдау


Жол белгілері

Мұғалім: Керемет! Бағдаршамнан басқа жолдағы қауіпсіз қозғалысты сақтауға не көмектеседі?

Балалар: Жол белгілері.

Мұғалім: Дұрыс айтасыздар! Олар жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілердің ең жақсы достары.

Әр балаға мозайка түрінде кесілген жол белгілері беріледі. Белгілерді жинап болған соң, балалар өз белгісін атап, ол қандай ақпарат беретінің айтады.


III. Ойындар

Жұмбақтар шешу. Қай команда ең тапқыр екен?

Ала таяқ ұстаған,

Жол тәртібін нұсқаған.

(Полиция қызметкері)

Оңға да бұрады,

Солға да бұрады.

Тәртіп сақтап әрқашан,

Жолды нұсқап тұрады.

(Бағдаршам)

Арқаным бар тым ұзын,

Ала алмайсың бір үзім.

Ақылға салып ойланып,

Тапшы мұны пысығым.

(Жол)

Жоқ өзінде бас та, ауызда да, құлақ та,

Бақырайған үш көзі бар бірақ та.

(Бағдаршам)


«Рұқсат етіледі — тыйым салынады» ойыны

Келесі ойын жасыл және қызыл карточканың көмегімен жүзеге асырылады. Рұқсат болса — жасылды, тыйым болса — қызылды көтересіздер.

Бағдаршамның жасыл түсіне жолды өту (ж)

Жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өту (ж)

Бағдаршамның сары түсіне жолды өту (қ)

Жаяужолмен (тротуар) жүру (ж)

Көліктің алдынан жүгіріп шығу(қ)

Қоғамдық көлікте үлкен кісілерге орын беру (ж)

Қарттар мен кішкентай балаларды көшеден өткізуге көмектесу (ж)


Викторина

Енді, осы сабақта алған білімдеріңізді тексеріп көрейік. Қазір сіздерге сұрақтар қойылады, әр дұрыс жауапқа — 1 ұпай беріледі.

Жаяу жүрген адамды кім деп атаймыз?

а) жолаушы

ә) жүргінші +

б) жүргізуші

Жаяу жүргіншілер өткелі қалай аталады:

а) жылқы

ә) піл

б) зебра +

Көшені бағдаршамның қай түсі жаңғанда өту керек?

а) қызыл

ә) жасыл +

б) сары

Көшенің қай бөлігі жаяу жүргіншілерге арналған?

а) жаяужол (тротуар) +

б) жиектас (бордюр)

в) жүргін бөлік.

Қоғамдық автокөлікке қай көлік жатады:

а) жүк көлігі

ә) жеңіл автокөлік

б) автобус +


Балалар, осымен біздің тәрбие сағатымыз аяқталды. Осы сабақта алған білімдеріңізді күнделікті өмірде қолдансаңыздар, ата-аналарыңыз сіздер үшін уайымдамайтын болады.

Ұқсас: Заң – қоғамның тірегі (эссе)