Жантақ өсімдігі туралы мәлімет
Жантақ — Қарақұмның ұлан-ғайыр алқабында өсетін бұршақ тұқымдастарының көпжылдық бұтасы. Шөлді аймақтарда өсуіне 3-4 метр тереңдікте орналасқан тамыр жүйесі көмектеседі.
Пайдасы
Бір кездері Меккеге баратын жол көптеген айларға созылатын. Мұсылмандар шөлді жерлерден жаяу немесе түйемен жүріп өткен, сол кезде жануарлардың азығы, жүргізушілердің отыны, науқастардың дәрісі — жантақ өсімдігі болған. Ол улы емес, онымен көптеген шөпқоректілер қоректенеді.
Өсімдіктің тамырынан тікеніне дейін емдік қасиеті бар. Халық медицинасында кеңінен қолданылады. Шөптің құрамында С дәрумені, каротин, флавоноидтер және эфир майы жеткілікті. Одан жасалған қайнатпа — суық тию және асқазан-ішек ауруларын емдейді. Бүйрек ауруларына да пайдалы, несеп айдағыш ретінде жиі ұсынылады. Органикалық қышқылдар зат алмасу процесіне белсенді қатысады және ішектегі шіру үдерісін азайтады.
Гүлдері мен өркендерінен «яндач» шайы дайындалады. Бұл шай шөлді қандыратын және шаршауды басатын қасиетке ие, әсіресе құрғақ климатты аймақтардың тұрғындары үшін таптырмас сусын. Біздің елімізде, жантақты күнделікті тұрмыста сирек пайдаланады, көбінесе азық ретінде түйелерге ғана береді. Дәл осы өсімдік, түйенің сүті мен етін көшпенділердің ең құнарлы өніміне айналдырды.
Жантақ — балды өсімдік. Оның балы ауыз қуысының қабынуы, ангина, гастрит және асқазанның ойық жаралы аурулары кезінде пайдалы. Арабтар жантақтың көмегімен, қайызғақты кетіретін қымбат сусабын (шампунь) шығарады.