Ұлы Жібек жолы туралы мәлімет

Ұлы Жібек жолы 2000 жыл бойы өз қызметін атқарды. Әлемді дүр сілкіндерген қанды соғыстар мен жойқын індеттер, керуеннің жұмысын тоқтата алмады. Көптеген халықтар мен мемлекеттер жойылып кетсе де, Ұлы керуен өзгеріссіз қалды. Төменде, осы тақырыпқа арналған пайдалы мәлімет жазылған.

.jpg

Ұқсас: Тәуелсіздік туралы шығарма

Бұл жолдың қалыптасуына – Жаң Чян есімді Қытай азаматы үлкен үлес қосты. Ол, Орталық Азияға дипломатиялық сапармен келген кезде, қытайлық тауарларға сұраныс көп екенін көрді. Еліне оралған соң, Орталық Азия мемлекеттерімен тауар алмасудың тиімділігі жайлы отандастарына айтып барды. Сөйтіп, б.з.б. 2 ғасырдың ортасында, ежелгі қазақ даласынан, көптеген мәдениеттер мен өркениеттерді байланыстыратын көпір салынды.

Ұлы Жібек жолы – елдердің саяси, экономикалық және мәдени құрылымының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Керуен өтетін бағыттардың бойында, ірі сауда қалалары пайда болды. Ең көп бағыттар, қазіргі Қазақстан мемлекетінің аумағынан өткен. Бұл аймақта, мәдениеттердің белсенді қарым-қатынасы, ауқымды сауда операциялары, дипломатиялық келісімдер мен әскери одақтар жасалды. Отырар, Тараз, Сайрам, Түркістан және Баласағұн қалалары тек сауда орталықтары ғана емес, сонымен бірге ғылым мен мәдениет орталықтарына айналды. Ежелгі уақытта, Таразды –  көпестер (кәсіпкерлер) қаласы деп атаған.

Жібек жолы, Хуанхэ өзенінің бойынан басталып, Ұлы Қытай қабырғасының бойымен, Іле өзенінің жағасы арқылы Ыстық көлге дейін созылған. Осы жерден жол екі бағытқа бөлінген – оңтүстік пен солтүстікке. Оңтүстік бағыт Ферғанаға, Самарқандқа, Иранға, Сирияға, Жерорта теңізіне, ал, солтүстік бағыт – Қазақстанның оңтүстігіндегі Испиджаб қаласына дейін жетіп, тағы да екі тармаққа бөлінген. Біріншісі – Орта Азияға, екіншісі – Еуропаға апаратын жол болған.

Бұл жолмен: пілдер, жолбарыстар, мүйізтұмсық (носорог), атақты жылқылар, арыстандар, және т.б. экзотикалық жануарлар тасымалданды. Сауда орталықтарында терілер, кілемдер, ыдыс-аяқтар және бағалы металдан жасалған бұйымдар жиі кездесетін.  Сонымен қатар, мейіз, қауын, кептірілген өрік сияқты жемістер мен көкөністер басқа елдерге тарай бастады.

Қазақ даласы арқылы өтетін сауда жолдары, әлемдік өркениеттің дамуына ықпал етті. Сауда барысында, көшпелі және отырықшы халықтардың экономикалық байланыстары нығайып, әртүрлі рухани мәдениеттер біріктірілді. Теңіз саудасының дамуына байланысты, XV ғасырда Ұлы Жібек жолының қызметі тоқтатылды. Өйткені, теңіз арқылы жүк тасымалдау, керуендік әдістен гөрі тиімдірек екендігі анықталды.

Ұқсас: Қожа Ахмет Ясауи туралы мәлімет