Ұйқының денсаулыққа пайдасы қандай?
Егер адам 90 жыл өмір сүрсе, соның 30 жылын ұйықтаумен өткізеді екен. Ұйқы біздің өміріміздің түрлі салаларына қаншалықты әсер етеді?
Адам өміріндегі маңызы
Ұйқының қанбауы иммундық жүйеге зиян тигізеді. Егер адам бес сағаттан аз ұйықтаса, оның вирустық инфекцияны жұқтыру мүмкіндігі, басқа адамдармен салыстырғанда 250%-ға артады. Сондықтан, тұмаудан сақтану үшін 7-8 сағат ұйықтау қажет. Бұл орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қалпына келтіріп, иммунитетті нығайтады.
Ұйқы барысында адамның миы белсенді жұмыс жасап, өзін-өзі емдеу механизмдері іске қосылады. Демалыс кезінде қан қысымы мен гормоналды метаболизм қалыпқа келіп, қант деңгейі тұрақталады. Сонымен қатар, түнде бірқатар маңызды гормондар өңдіріліп, дене күші қайта қалпына келеді. Бұл біздің күндізгі уақытта белсенді болуымызға әсер етіп, үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік ашады.
Зейінділікті арттырады. Жол-көлік апаттарының 20%-ына, жүргізушінің ұйқышылдығы кінәлі екен. Мұндай адам төтенше жағдай кезінде жылдам және дұрыс шешім қабылдай алмайды. Сау ұйқы адамның мұқияттылығын күшейтеді. Сондай-ақ, ол есте сақтау қабілетін жақсартады. Егер біз жеткілікті ұйықтамасақ, онда миымыз күндізгі уақытта алған маңызды ақпаратты жадымызда сақтай алмайды.
Ұйқысыздық — адамның денсаулығын нашарлататыны белгілі. Егер біз ағзамызды демалтуға қажетті уақыт бермесек, онда жүйке жасушалары қозып, қалыпты қызмет атқара алмайды. Нәтижесінде, көңіл-күйіміз түсіп, мазасыз және агрессивті боламыз.
Алайда, ұзақ ұйықтаудың да зияны бар. Ғалымдардың айтуынша, ересек адамға 8 сағаттық ұйқы жеткілікті. Бұдан артық демалу — дененің энергетикалық тонусының төмендеуіне, депрессияға және бас ауруларына әкелуі мүмкін.