Дұрыс тамақтану туралы тәрбие сағаты
Мақсаты: фаст-фуд тағамдарының денсаулыққа тигізетін зияның түсіндіру; салауатты тамақтану ережелерін үйрету.
Әдісі: әңгіме.
Қолданылған құралдар: оқушыларға арналған мәзір (ақ парақта), жадынама.
Дұрыс тамақтану — денсаулық кепілі
— Біздің денсаулығымызға көптеген факторлар әсер етеді. Олардың ең негізгілері: экология, еңбек пен демалыс тәртібі, дене шынықтыру және дұрыс тамақтану. Бүгінгі сабағымыз соңғы факторға арналған. Себебі, адамның денсаулығы — оның салауатты тамақтануына тікелей байланысты.
Мәзір таңдау
— Өздеріңізді мейрамханада отырғандай елестетіңіздер. Даяршы сіздерге мәзір алып келді. Түскі асыңызға қандай тағамдарды таңдайсыздар? Мәзірдегі тағамдар: компот, қытырлақ картоп (чипсы), етті көже, кока-кола, бургер, тұшпара, жемістер, шоколад, бауырсақ, колбаса, көкөніс салаты.
— Кейбір оқушылар салауатты өмір салтына сәйкес келмейтін тағамдарды таңдапты. Сондықтан, дәрігер-диетологтардың пікіріне сүйене отырып, сіздерге әлемдегі ең зиянды 5 тағам жайлы айтып берейін.
- Газдалған тәтті сусындар (Кола). Мұндай сусындардың құрамында қанттың мөлшері өте көп, 1 литрға шамамен 25-30 қасық қант қосылады! Нәтижесінде, семіздік және жүрек-қан тамырлары аурулары пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, газдалған сусындар денедегі кальцийдің мөлшерін азайтып, сүйектердің сынғыштығына әкеліп соғады.
- Чипсы. Құрамындағы зиянды заттар асқазан-ішек жолдарының жұмысын бұзады. Тәжірибе барысында, қытырлақ картопқа майдың, крахмалдың және тұздың көп мөлшерде қосылатыны анықталды. Бұл астмаға, қант диабетіне және сүйектердің дұрыс жетілмеуіне әкеледі.
- Бургер. Кез келген жылдам тағамның ең қауіпті компоненті — ол майлар. Өйткені, олар табиғи емес, химиялық жолмен өнделіп, артық салмақтың қосылуына септігін тигізеді. Ал, құрамындағы иіс пен дәм күшейткіштердің кесірінен адамға үй тамағы дәмсіз болып сезіліп, фаст-фуд өнімдеріне тәуелділік туады. Сондықтан, мұндай тағамдардан бас тартуға кеңес беріледі.
- Колбаса. Бұл тағамнан — бірінші кезекте ас қорыту жүйесі зақымдалады. Оның құрамында қатерлі ісіктің дамуын тудыратын канцерогенді заттар бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шұжық пен шұжықша (сосиска) өнімдерін мәзірден толығымен алып тастауды ұсынады.
- Шоколад. Бұл жоғары калориялы өнім. Денеде майдың жиналуына әсер етіп, жүрек-тамыр аурулары, ентігу және гипертонияның басталуына себепкер болады. Құрамында кофеин болғандықтан, ол тахикардияға, мазасыз ауытқуларға және жоғары қан қысымына әкелуі мүмкін.
— Келесі тапсырмада, пайдалы және зиянды өнімдерді анықтап, тақтадағы кестені толтырайық.
Пайдалы | Зиянды |
Балық | Майонез |
Алма | Кока-кола |
Бал | Фри |
Сәбіз | Хот-дог |
Жұмыртқа | колбаса |
Тамақтану ережелері туралы жадынама
- Алдымен қолыңызды сабындап жуыңыз.
- Таңғы асты өткізбей, міндетті түрде ішіңіз.
- Қуырылған, тұзды және ащы тағамдарды көп жемеңіз.
- Мәзіріңізге көкөністер мен жемістерді қосыңыз.
- Дастарқан басында сөйлеспеңіз және телефонды қолданбаңыз.
- Тамақты асықпай, жақсылап шайнап жұтыңыз.
- Кешкі асты ұйықтар алдында кемінде 2 сағат бұрын ішу қажет.
- Артық тамақтанбаңыз.
- Тәттіні азайтыңыз.
Дені саудың – жаны сау
дейді халық мәтелі.
Сондықтан да балалар
Сақтайық осы мәнерді!
Ұқсас: Қалай дұрыс тамақтану керек?