Достық туралы тәрбие сағаты

Тақырып: «Достық — біздің тірегіміз»

Мақсаты: Сыныптағы оқушылардың арасында достық қарым-қатынасты қалыптастыру. Бір-бірін құрметтеуді және сыйлауды үйрету.

Көрнекілігі: мақал-мәтелдер, өлеңдер, ойындар.

Барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: Құрметті оқушылар! Осы тәрбие сағаты бәрімізге керемет көңіл-күй сыйлайды деп үміттенемін. Себебі, біз бүгін достық жайлы сөйлесетін боламыз. Алдымен, мен сіздердің пікірлеріңізді тыңдағым келеді. Дос деген қандай болуы керек? (Балалар кезек бойынша өз ойларын айта бастайды).

(Бірінші оқушы) дос — қиын кезде әрдайым көмек қолын созуға дайын болуы керек.

(Екінші) досқа кез-келген уақытта ішіндегі сырынды айтуға болады, ол араңыздағы әңгімені сыртқа шығармайды.

(Үшінші) ол сіздің өмірдегі жетістіктеріңізге қызғанышпен қарамай, шын ниетпен қуанады.

(Төртінші) қуанышта ғана емес, қайғыда да әрқашан қасыңыздан табылады.

Мұғалім: Сіздердің айтқандарыңызбен толығымен келісемін. Дос таңдаған кезде, оның ақшасына, сәнді киінгеніне немесе беделіне назар аударған дұрыс емес. Бірінші кезекте, адамның өмірлік көзқарасы, қызығушылықтары және ішкі дүниесі сізге жақын болуы керек. Сол кезде ғана араларында шынайы достық пайда болады.

Ал енді, осы сыныпта болған барлық жанжалдарды, реніштерді ұмытып, бір-бірімізді кешірейік. Біз бала кезімізде татуласу үшін, оң қолымыздың жұдырығын түйіп, кішкентай саусақтарымызды іліктіріп, мәңгілік дос болуға және ешқашан ұрыспауға ант беретінбіз. Мен сіздердің осы дәстүрді жалғастырғандарыңызды қалаймын (балалар айтылған тапсырманы орындайды).

II. Негізгі жұмыс

Мұғалім: Рұқсат етсеңіздер сіздерге бір қызықты әңгімені айтып берейін. Ежелде биік тауда бір шопан өмір сүріпті. Бір жаңбырлы түні оның есігін үш белгісіз қағыпты. — Менің үйім кішкентай, тек біреулерін ғана кіре аласыңдар. Сендер кімсіңдер? — деп сұрақ қойыпты. — Біз достық, бақыт және байлықпыз. Есікті кімге ашатының, өзіңіз таңдаңыз! Шопан сәл ойланып, достықты кіргізіпті. Достық кірген соң, оның артынан бақыт та келіп, байлық та пайда болған.

Балалар, құрмет пен абыройға күшпен емес, мейірімділікпен және жомарттықпен қол жеткізесіздер. Мұқтаж жандардың қажеттіліктеріне жанашырлықпен қарап, көмек көрсетуге асықсаңыз, сізбен дос болғысы келетін адамдар көбейеді. Сондықтан, бойыңыздағы жақсы қасиеттеріңізді дамытуға тырысыңыздар.

Мына үстелде тұрған қызыл және жасыл карточкаларға назар аударыңыздар. Мен достыққа сәйкес келетін және сәйкес келмейтін қасиеттерді атаймын, ал сіз өз ойыңызды карточка арқылы білдіресіз. Жасыл — келісемін, қызыл — келіспеймін. Сөздер: адалдық, мейірімділік, мақтаншақтық, жанашырлық, алдампаздық, сабырлық, қызғаншақтық, бауырмалдық.

Жарайсыңдар! Ал енді, біздің сыныпты тірі организм ретінде елестетіп көріп, мына сиқырлы доптың көмегімен сыныпқа деген жақсы көзқарасымызды білдірейікші. Допты бір-бірлеріңізге лақтырып, қағып алған оқушы сыныбымыз жайлы қошемет (комплимент) сөз айтсың. Сөздер: ұйымшыл, тәртіпті, бейбітшіл, көңілді, тату, берекелі, білімді.

III. Дене шынықтыру минуты

Шапалақтау ойыны. Бұл ойында, мен сіздерге әртүрлі сөздер айтамын. Егер сенің досың айтылған қасиетке ие болса, онда алақанмен шапалақ ұрамыз, егер олай болмаса, аяқтарымызбен жерді дүрсілдетеміз. Сөздер: жауапты, ашық жүзді, дөрекі, шыншыл, екіжүзді, ақкөңіл, арам, сабырлы.

Жұптасып билеу. Оқушылар, бір-біріне бетімен қарап жұп құрады. Жұптар арасындағы арақашықтық, билеу үшін жеткілікті болуы керек. Ұстаз әр баланың басына бір парақ қағаздан қойып, музыканы қосады. Балалар парақты құлатып алмай билеуге тырысады. Қағаз парағын басқаларға қарағанда ұзақ ұстаған жұп, жеңіске жетеді.

IV. Мақал-мәтелдер мен өлеңдер

Біздің ата-бабаларымыз достықты ерекше бағалап, оған қатысты көптеген өлеңдер шығарған. Бұл сыныпта осындай тақпақтарды білетін оқушылар бар ма екен? Тексеріп көрейік.

(Бірінші оқушы)

Өмір деген өсіп тұрған гүл емес пе,

Сол өмірдің нағыз гүлі біз емес пе,

Әрбір жан достарымен бірге болса,

Өмірдің ең қызығы сол емес пе!


 (Екінші)

Адал дос барлық жерде керек екен,

Өмірде достың орны бөлек екен.

Жақсы дос жадыратса, жан дүниеңді,

Жаман достан жамандық келеді екен.


(Үшінші)

Достарымды сүйемін бірге жүрген,

Бірге ойнап, менімен бірге күлген.

Достар деген жаныңның бір бөлшегі

Орын алған жүректің бір түбінен.


Өте керемет! Қазір, мен осы тақырыпқа қатысты мақал-мәтелдер оқимын, ал сіздер оны жалғастыруларын керек.

Дос жылатып айтады, Дұшпан …………(күлдіріп айтады).

Жүз теңгең болғанша, ……….. (жүз досың болсын).

Ақылы көпті дау алмайды, Досы көпті ……… (жау алмайды).

Күлме досыңа, келер……… (басыңа).


Осымен біздің сынып сағатымыз өз мәресіне жетейін деп қалды. Барлығыңызды орындарыңыздан тұрып, ортаға келулеріңізді сұраймын. Бір-бірімізді қолымыздан ұстап, шеңбер құрайық. Енді, қолдарымызды төбеге көтеріп, «достық — біздің тірегіміз» деп айғайлайық. Бәрекелді! Бүгінгі сабақ, келешекте сіздерге көмектесіп, пайдасын тигізеді деп сенемін. Шынайы, адал жолдастарыңыз көп болсын!

Ұқсас: Дос, достық туралы шығарма (эссе)