Арқар туралы қысқаша мәлімет

Арқар – жабайы қойлардың ең ірі өкілі. Соңғы 40 жылда жануарлардың саны екі есе азайды. Бұған адамдардың ғана емес, климаттың өзгеруі де әсер етуде. Арқарлар қатты аяздың немесе қалың қардың салдарынан қорексіз қалып жатыр.

Арқар Орта және Орталық Азияның таулы аймақтарында, теңіз деңгейінен 1300-6100 м биіктікте мекендейді. Бұл жануарларды Памир, Гималай, Алтай тауларында және Моңғолия мен Тибеттен кездестіруге болады. Олар тік жартастардан аулақ болып, тегіс беткейлерді ұнатады.

Ең ірі түрі – Алтай арқары. Еркектерінің биіктігі 122 см, салмағы 200 килограммды құрайды. Мүйіздерінің ұзындығы 151 см, ал салмағы 22 кг дейін жетеді. Мүйіздер ұрғашыларында да бар, бірақ әлдеқайда кішірек. Арқардың аяқтары биік және жіңішке болып келеді. Мүйіздері спираль тәрізді бұралған. Осы ерекшеліктерінің арқасында, оны тауешкіден оңай ажыратуға болады.

Әдетте дәнді дақылдармен және қызыл тал, үшқат, қарақат, тобылғы, итмұрын сияқты өсімдіктермен қоректенеді. Олар ешқашан бидай, жүгері және басқа да ауылшаруашылық өсімдіктері егілген алқаптарға жақындамайды. Маусым-тамыз айларында күн ысып, жаңбыр жаумаған кездерде тау бұлақтарына келіп шөлін қандырады.

Арқар өте сақ жануар, оған жақындау өте қиын. Оның көру, есту және иіс сезу қабілеттері жақсы дамыған. Адамдар бұл жануарды алыс қашықтықтан, дүрбінің көмегімен ғана байқай алады. Жүнінің түсі жыртқыштардан жасырынуға мүмкіндік жасайды: жазда ол қоңыр-жирен, ал қыста ашық-сұр. Жеті жылға дейін бояу екі жыныс үшін де бірдей болады, содан кейін еркектер қарая бастайды. Табиғатта 10-12 жыл өмір сүреді.

Ұқсас: Қой жайлы қызықты мәліметтер