Айдын Айымбетов туралы мәлімет
Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері және Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтан кейінгі үшінші қазақ космонавты.
Ол бала кезінен-ақ ғарышкер болуды армандап, өз мақсатына қайсарлықпен қадам басты. Ата-анасы Айдынды қатал тәрбиелеген, жастайынан спорт үйірмелеріне қатыстырып, мектепте жақсы оқуын қадағалаған.
1972 жылы 27 шілдеде Заря Коммунизма (қазіргі Өтенай) ауылында, Талдықорған қаласында дүниеге келген. 1989 жылы осы қаладағы №20 орта мектепті алтын медальмен бітірген. Содан соң, Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар мектебіне оқуға түсіп, 1993 жылы инженер-ұшқыш біліктілігін алды.
2001 жылы Қазақстанда ғарышкерлер отрядына қабылдау жарияланды. 2000-2002 жылдар аралығында алдын ала іріктеуге 700-ден астам қазақстандық қатысты. Оның ішінен тек 65 адам медициналық тексеруден өтуге жарамды деп танылды. Бірқатар маңызды медициналық комиссиялардан сәтті өтіп, Ведомствоаралық біліктілік комиссиясының 2005 жылғы 5 шілдедегі шешімімен оған «ғарышкер-сынақшы» біліктілігі берілді.
2015 жылдың шілде айында Айымбетов «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің бортинженері болып бекітілді. Осы жылдың 2 қыркүйегінде Астана уақытымен сағат 10:37-де, құрамында қазақ азаматы бар халықаралық экипаж Байқоңырдан сәтті ұшырылды. Ұшу ұзақтығы 9 күн 20 сағат 13 минут 51 секундты құрады.
Ол ұшақтың 4 түрін (Л-39, МиГ-23, МиГ-23МЛД, МиГ-27, Су-27) игерген, 470 сағаттан астам ұшу уақыты бар және 360 рет парашютпен секірген. 2016 жылдың 5 қаңтарынан бастап – «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ басқарады. Сондай-ақ, оған ҚР Президентінің Жарлығымен авиация генерал-майоры әскери атағы берілген.