Жүсіп Баласағұн туралы мәлімет
Жүсіп Баласағұни — атақты ойшыл, философ, ақын және жазушы. Ол «Құтты білік» дастанының авторы.
Оның өмірі жайлы деректер өте аз. Ғалым 1020 жылы Қарахан мемлекетінің астанасы — Баласағұн қаласында дүниеге келген. Баласағұн Қарахан мемлекетінің ірі қалаларының бірі, сауда және қолөнер орталығы болған. Жүсіп Фараб, Қашқар, Бұхара мәдени орталықтарында жақсы білім алып, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген.
«Құтты білік» дастаны
«Құтты білік» түркі тіліндегі энциклопедиялық шығарма. Дастанда адам өмірінің мәні, оның тағдыры, дүниедегі орны мен рөлі туралы сұрақтар көтеріледі. Ақын өмірді босқа өткізбей, артына жақсы естелік қалдыруға тырысуға шақырды. Баланың ақыл-ойы, моральдық және физикалық денсаулығының негізі отбасыда қаланатының айтып, жанұяда баланы дұрыс тәрбиелеу маңызды екенін ескерткен.
Жүсіп қарапайым халықты тонап, құқығын таптайтын хандар мен билердің озбырлығын айыптайды. Ол байларды кедейлерге жомарт болуға шақырады. Автордың ойынша, билеуші адамдарды бек пен құлға бөлмей, оларға бірдей қарауға міндетті. Білім мен ғылымға сүйене отырып, қоғамдық өмір мен мемлекеттік басқаруды жақсарту мүмкін екендігіне қатты сенді.
Бұл поэманы елуден асқан шағында шығарған. Ол түркі халықтарының ең танымал әдеби ескерткіштердің бірі. Кітапқа көшпелі халықтардың тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер енгізілген. Жүсіп Баласағұн 68 жасында қайтыс болып, Қашқар қаласындағы кесенеге жерленген.
Ұқсас: Ибн Сина туралы мәлімет