Мұстафа Шоқай жайлы мәлімет
Мұстафа Шоқай — XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының өкілі, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері.
Ол 1890 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Қызылорда облысының аумағында дүниеге келген. Атасы Хиуа хандығындағы Сырдария ауданының билеушісі, ал әкесі ел арасында беделді би болған. Арғы аталары қыпшақ руының ақсүйектері. Ауылдағы бастауыш мектепті бітірген соң, 1902 жылы Ташкент ерлер гимназиясына оқуға түсіп, оны мақтау қағазымен бітірген.
1916 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде император Николай II 19-43 жас аралығындағы қазақ азаматтарын тыл жұмыстарына тарту туралы жарлық шығарды. Түркістанда патша бұйрығына наразылық білдірген халық көтерілісті бастады. Мәселені шешу мақсатымен Мемлекеттік Думаның комиссиясы Петроградтан Ташкентке жол тартты. Комиссияға секретарь әрі аудармашы болып Мұстафа Шоқай да кірді.
Ресми саяси қызметі 1917 жылы басталды. Ол патша билігінің құлауын құптап, Түркістан автономиясының құрылуын ашық түрде жариялады. Алайда, билікке келген Кеңес үкіметі бұған қарсы шығып, көп ұзамай большевиктер Ташкентті басып алды. Түркістан автономиясы 1918 жылы 13 ақпанда өз қызметін тоқтатты. Шоқайды және оның жақтастарын қамауға алу туралы қаулы шықты.
Орынборда 2-ші жалпықазақ съезі кезінде, Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылданып, үкімет құрамына Мұстафа Шоқай да кірді. 1921 жылы Ыстамбұлға, кейін Парижге қоныс аударды. Осы қалада 1929-1939 жылдар аралығында оның «Жас Түркістан» атты тәуелсіз журналы шығып отырды.
Мұстафа Шоқайдың неден қайтыс болғаны нақты белгісіз. 1941 жылы Францияда немістер оны тұтқынға алғандығы белгілі. Ресми деректер бойынша: өлімнің себебі — бөртпе сүзек. Бірақ, тарихшылар қоғам қайраткерін улап өлтірді деп есептейді. Ол бүкіл өмірін тәуелсіздік үшін күреске, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының намысын қорғауға арнаған.