Күйік кезіндегі алғашқы медициналық көмек
Күйік — бұл терінің немесе тіндердің зақымдануы. Ол ыстық температураның, химиялық заттардың немесе күн сәулесінің әсерінен туындайды.
Күйіктің 4 дәрежесі болады. Олар:
- I дәрежеде — терінің үстіңгі қабаты ғана зақымдалады. Жәбірленуші ауырсынуды сезініп, терісі қызарып кетеді. Мұндай күйіктерден жазылу үшін, әдетте, 3-4 күн жеткілікті.
- II дәреже кезінде эпидермис пен оның астындағы қабат зақымдалып, күлбіреулер пайда болады. Егер күлбіреу жарылса, жараға инфекция түсіп кетуі әбден мүмкін. Бұл күйіктерді емдеу үшін бір апта немесе одан да көп уақыт қажет.
- III дәрежелі күйік, терінің терең қабаттарына әсер етіп, жараланған аймақ ақ түске боялады.
- IV дәрежеде тері және бұлшықет тіні сүйекке дейін терең зақымданады.
Шағын зақымдану кезінде, алғашқы медициналық көмекті үй жағдайында көрсетуге болады, бірақ, III-ші және IV-ші дәрежелі күйік орын алса, тез арада жедел жәрдемге қоңырау шалған дұрыс. Егер күйген аймақ өте терең болса, қолыңызды тигізбей, медицина қызметкерлерінің келуін күтіңіз. Зақымданған жерге күнбағыс майын жағуға, крахмал себуге, йодпен немесе спиртпен өңдеуге тыйым салынады. Осы қателіктердің барлығы ауырсынуды күшейтіп, жараның жазылуына кедергі келтіреді.
Дәрігерге дейінгі көмек
- күйікті тудырған қоздырғыштан құтылыңыз;
- зақымдалған аймақты суыту қажет. Бірінші және екінші дәрежеде теріні салқын ағын сумен салқындатады. Бұл процедураны 15 минуттан асырмау керек. Үшінші және төртінші дәрежеде жарақаттанған орынға дымқыл таңғыш байлап, таза салқын суға 10-15 минутқа салып қойыңыз. Таңғышты шешпеңіз;
- жәбірленушіден сағаттарды, білезіктерді, белдіктерді және сақиналарды шешіп алыңыз, өйткені, ісіну пайда болған соң, оларды алып тастау өте қиын болады;
- теріге жабысқан киімді ешқашан шешпеңіз;
- мұз, май және лосьондарды қолданбаңыз;
- жедел жәрдем келгенше жәбірленушінің тыныштығын қамтамасыз етіңіз.