Бірқазан құсы жайлы мәлімет
Бірқазан — үлкен тұмсығымен ерекшеленетін теңіз құсы. Бұл құстардың ұзындығы 130-180 см, ал салмағы 7-14 кг-ға дейін жетеді. Тұмсығының төменгі жағында балық аулауға арналған тері қапшығы бар.
Бұл қанаттылардың сегіз түрі белгілі. Олар Антарктидадан басқа барлық құрлықтарда мекен етеді. Қазақстанда тек екі түрін кездестіруге болады: қызғылт және бұйра. Екеуі де Қызыл кітапқа енгізілген. Судың ластануы мен балық аулау кәсібінің дамуы — осы құстардың азаюына әсерін тигізіп жатыр.
Құрлықта ірі, баяу және ебедейсіз болып көрінгенімен, суда өзінің ептілігімен таң қалдырады. Ол балық аулау кезінде тұмсықтарын кең ашып, суға сүңгиді. Содан соң, басын бір жаққа еңкейту арқылы қапшығындағы суды төгіп тастап, ішіндегі балықтарды жұтады. Осылайша, тұмсығының астындағы тері қапшығы — торлы дорбаның рөлін атқарады.
Ұзындығы үш метрді құрайтын қанаттарының көмегімен, 3 км биіктікке дейін көтерілуі мүмкін. Ауа ағындарын қолдану арқылы ұзақ уақыт бойы аспанда қалықтай алады.
Балапандары соқыр және жалаңаш болып туылып, 2 ай өткен соң ұша бастайды. Дүниеге келген балапандардың жартысы ғана тірі қалады. Бұған себеп: жыртқыштар (түлкі, гиена), ауа райының қолайсыздығы және аштық.
Бірқазандардың саны бойынша, жергілікті экожүйенің жағдайын анықтауға болады. Егер көлдің маңынан осы құсты көрсеңіз, демек бұл су қоймасында көптеген балықтар тіршілік етеді. Бірқазан бір тәулік ішінде 2 кг балық жеп қоюы мүмкін.
Ұқсас: Тауыс құсы туралы мәлімет