Асық ойыны туралы мәлімет
Асық ату — қазақтың ұлттық ойыны. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) шешімі бойынша, адамзаттың мәдени мұраларының тізіміне енді.
Асық – қошқардың, қойдың, сиырдың немесе түйенің буынындағы шымыр сүйек. Бұл ойынның 10-нан астам түрі бар. Ең көп таралғандары: алшы, хан талапай, үштабан, төрт асық. Барлық сайыстар бір-бірінен ерекшеленеді, олардың ережелері мен атаулары аймаққа байланысты өзгеруі мүмкін.
Асықтың 4 тұрысы болады. Олар: алшы, тәйке, бүк және шік. Лақтыру кезектілігі былай анықталады: ойыншылардың сақалары бір адамның қолына жиналып, жерге шашылады. Алшы тұрысымен түскен сақаның иесі ойынды бастайды.
Әр ойыншының өз сақасы болуға тиіс. Ол үшін ең үлкен және ауыр сүйек таңдалады. Сақа әдетте пісірілмеген буындардан алынады, өйткені пісіру кезінде сүйектің массасы азайып, соққының күші төмендейді. Кейбір жағдайларда, сақаның ішіне қорғасын құйылады. Ертеде хандар мен сұлтандарың балалары оған алтын толтырған.
Ойынның ережесі қарапайым. Сүйектер бір қатарға қойылады, қатысушылардың міндеті — белгілі бір қашықтықтан сақаны лақтыру арқылы асықтың біреуін немесе бірнешеуін құлату. Қағылған сүйектер ойыншының олжасына айналады.
Мектеп оқушылары үзіліс кезінде үнемі асық ойнайды. Бірақ арнайы орын болмағандықтан, олар еденде ойнауға мәжбүр болған. Қазіргі таңда, оқу орындарында осы ұлттық ойынға арналған шағын орталықтар дайындала бастады. Ал, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті бұл ойынды спорт түрі ретінде ресми түрде мойындаған соң, оған деген қызығушылық одан да арта түсті.
Ұқсас: Сақтар жайлы мәлімет