Желілік этикет ережелері
Желілік этикет ережелері — қақтығыстарды болдырмау, әңгімелесушіні құрметтеу және онымен құрылымды диалог жүргізу үшін өте маңызды. Ережелер негізінен интернетте бейтаныс адамдармен сөйлесу үшін қолданылады.
Біз үшін ғаламтор желісі сөйлесетін, ақпаратпен бөлісетін, жаңалықтар іздейтін, жұмыс істейтін және көңіл көтеретін орынға айналды. Шынайы өмірде сияқты, бұл ортада мінез-құлықты реттейтін нормалар бар.
Этикеттің жалпы ережелері
- Дөрекі сөздерден, жала жабудан және кемсітетін пікірлерден аулақ болыңыз, себебі осы үшін жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін. Басқа адамдардың көзқарасы сіздікінен өзгеше болса да, олардың пікір білдіру құқығын құрметтеу керек. Экранның артында роботтар емес, шынайы адамдар бар екенін ұмытпаңыз.
- Сыпайы болыңыз, бөгде адамдарға «сіз» деп сөйлеңіз. Өзіңізді таныстырыңыз: оған кім екеніңізді және телефон нөмірін қайдан тапқаныңызды түсіндіріп жіберіңіз. Балағат сөздерді қолданбаңыз, бұл адамның мәдени деңгейінің төмендігін көрсетеді. Сәлемдесуді және қоштасуды ұмытпау қажет.
- Жазбаңызды қайта оқып шығып, грамматикалық және орфографиялық қателерін түзетіп шығыңыз. Ұзақ сөйлемдерден аулақ болып, ойыңызды қысқа және түсінікті етіп жеткізуге тырысыңыз. Әңгіменің тақырыбынан ауытқымай, хабарламаға барынша тезірек жауап қайтарған дұрыс.
- Дауыстық хабарламалар бәріне ұнай бермейді, оны шамадан тыс қолданбаңыз. Сондықтан, әңгімелесушіден қандай форматта сөйлесу ыңғайлы екенін сұрап алу қажет. Сөздерді бас әріптермен жазбаңыз, «Caps Lock» режимінде жазылған сөйлемді әңгімелесуші айғай ретінде қабылдауы мүмкін.
- Расталмаған ақпаратты жарияламаңыз. Интернетте фейк мәліметтерді таратуға тыйым салынған. Желідегі ақпараттың бастапқы дереккөзін тауып, соған сілтеме қалдырып кетіңіз.