Сынық кезіндегі алғашқы медициналық көмек
Сынық дегеніміз — жарақат алу барысында пайда болатын сүйек тұтастығының бұзылуы. Бұл жағдайда — шұғыл медициналық көмек көрсету ережелерін білу өте маңызды.
Травматикалық сынықтар көбінесе құлау немесе соққы алу әсерінен туындайды. Олар ашық және жабық болып бөлінеді. Ашық сынық кезінде тері қабаты зақымдалып, жарақаттанған аймақ көзге айқын көрінеді.
Көп жағдайда арнайы білімдері жоқ оқиға куәгерлері, зардап шегушіге дәрігерге дейінгі көмек көрсету барысында өрескел қателіктер жасап жатады. Бұндай әрекеттер науқастың жарақатын одан сайын асқындыруы мүмкін.
Сыну белгілері:
- қозғалыс немесе жүктеме кезіндегі қатты ауырсыну;
- аяқ-қолдың пішіні мен ұзындығының өзгеруі;
- аяқ-қол функциясының бұзылуы;
- жарақат айналасында ісіну мен қанталаудың пайда болуы.
Ашық сынық
- абайлап, жарақаттанған жерді қозғалтпай, қанды тоқтатыңыз;
- жараны антисептикалық ерітіндімен емдеп, таза таңғыш салыңыз;
- егер жақын жерде жақтау (шина) болмаса, кез-келген екі қатты затты тауып, жарақат алған жердің екі жағынан қойып, бинтпен байлап тастаңыз;
- медициналық топ келгенше, жәбірленушінің тыныштығын қамтамасыз етіңіз.
Жабық сынық
- алдымен жәбірленушіні қимылсыздандырып, ауырсынуды басуға тырысыңыз;
- жарақаттанған аймаққа суық басыңыз;
- науқасқа ыстық шай немесе ауырсынуды басатын дәрі беріңіз;
- егер жәбірленушіні ауруханаға өзіңіз тасымалдайтын болсаңыз, сынған жерге жақтау салуыңыз керек. Бұл үшін қолда бар материалдарды (тақтай, шаңғы, шыбық, таяқ) пайдалануға болады.
Тыйым салынатын әрекеттер:
- зақымдалған аяқ-қолды түзетуге тырыспаңыз;
- сүйек сынықтарын жарадан алып шықпаңыз;
- жәбірленушіні қолғалтпаңыз;
- жараға спирт, йод және т.б. ауырсыну шокын тудыртатын заттарды құймаңыз.