Халық тығыздығының қоршаған ортаға тигізетін әсері
Қазіргі таңда, әлем халқының жалпы саны шамамен 7,8 миллиардты құрайды. БҰҰ-ның бағалауы бойынша, 2050 жылы біздің планетада өмір сүретін адамдардың саны 9,8 миллиардқа жетеді. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай — болашақта экологиялық апатқа алып келуі әбден мүмкін.
Ғалымдар соңғы онжылдықта қалыптасқан жағдайды «демографиялық жарылыс» деп атады. XIX ғасырға дейін аурулардың, соғыстардың және басқа да әлеуметтік факторлардың әсерінен, адамдардың саны өте баяу өсіп, жалпы тұрығындардың саны 1 миллиардқа 1804 жылы ғана жетті. Бірақ, медицина мен технологияның дамуы, әлем халқының күрт өсуіне ықпал жасады.
Халық тығыздығы келесі проблемаларды тудырды:
Экологиялық жағдайдың нашарлауы. Адамдар жер қойнауындағы ресурстарды өндіру арқылы экожүйені бұзып, атмосфера мен гидросфераны улап жатыр. Планетада адамдар көбейген сайын, пайдалы қазбаларға да сұраныс артады. Нәтижесінде, қоршаған ортаға зиян тигізіліп, табиғат зардап шегеді.
Ішуге жарамды судың жетіспеушілігі. Қазірдің өзінде көптеген адамдар нан пен суға қол жеткізе алмай отыр, ал халық саны өскеннен кейін, оның кері әсері одан сайын күшейеді. Мысалға, Африка тұрғындары сапасыз су ішуге мәжбүр болып, түрлі аурулардан көз жұмып жатыр. Нашар дамыған елдер қажетті технологиялардың болмауына, құнарлы жерлердің жетіспеушілігіне және қолайсыз климаттық жағдайларға байланысты өсіп келе жатқан халықты азық-түлікпен қамтамасыз ете алмауда. Оның үстіне жұмыссыздардың саны көбейіп келеді.
Қарулы қақтығыстар. Таяу Шығыстың көп бөлігін шөл дала алып жатқандықтан, тар құнарлы алқаптарда халық тығыз орналасқан. Осыған байланысты әр түрлі этностар арасында үнемі қақтығыстар болып тұрады.