Астана опера және балет театры туралы мәлімет
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры — Орталық Азиядағы ең ірі театр. Оны салуға Италия, Германия, Швейцария және Чехиядан шақыртылған шеберлер ат салысқан. Ғимаратты әрлеу үшін мәрмәр мен алтын қолданылды.
Сахнасында қазақ музыканттарымен қоса, әлемге әйгілі әртістер де өнер көрсетеді. «Астана Опера» өзінің алғашқы театрлық маусымын 2013 жылы Мұқан Төлебаевтың туындысы – «Біржан-Сара» операсымен салтанатты түрде ашты.
Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан театрдың ауданы 15467 м² құрайды. Театр өзінің ауқымдылығымен ғана емес, сәулеттік талғампаздығымен де таң қалдырады. Ол Миландағы Ла Скала, Мадридтегі Корольдік театр және Мәскеудегі Үлкен театрдан кем түспейді.
Театрда үлкен және камералық залдар бар. Бас залына 1250 адам сыйады. Оркестр шұңқыры 120 музыкантқа арналған. Камералық зал 250 орынға есептелген. Ол әртүрлі ансамбльдердің, камералық хордың, шағын симфониялық оркестрлердің және т.б. концерттерге арналған.
Сахна алаңы 536 м²-ді құрайды. Сондай-ақ, ғимаратта 2 дайындық залы бар, олардың ауданы сахнамен бірдей болғандықтан, жаңа спектакльдерді құру өте ыңғайлы. Жарықтандыру кешеніне осы саладағы соңғы инновациялық технологиялар қолданылған. Театрдың техникалық жабдықталуы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Бұл артықшылықтар күрделі дәрежедегі спектакльдерді қоюға мүмкіндік береді.
Репертуарына опера, балет және концерттер кіреді. Театрда ішінде балалар студиясы да ашылды, жас әртістер, болашақта «Астана Операның» жаңа жұлдыздарына айналады.