Рақымжан Қошқарбаев туралы мәлімет

Рақымжан атамыздың ерлігі қайтыс болғаннан кейін ғана мойындалды. Өйткені, ұзақ уақыт бойы Жеңіс Туын Рейхстагқа Михаил Егоров пен Мелитон Кантария орнатты деген пікір болған.

.jpg

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Тайтөбе ауылында дүниеге келген. 4 жасында алдымен анасынан айырылып, ал 1937 жылы әкесі жалған айыптаумен репрессияға ұшырағандықтан, балалар үйінде тәрбие алуға мәжбүр болды.

Фрунзе қаласындағы жаяу әскер мектебін бітіргеннен кейін, 1944 жылы 647-ші атқыштар полкінің взвод командирі болып тағайындалды. Аз уақыттың ішінде, өзін батыл командир ретінде көрсетті. Берлин үшін шайқаста оның взводы алдыңғы қатарда жүріп, «Гиммлердің үйіне» бірінші болып жетті.

1945 жылы Кеңес әскерлері Рейхстагқа жақындағанда, Рақымжанды батальон командирі Василий Давыдов шақырып алды. «Рейсхтагты көріп тұрсын ба? Қажетті адамдарды таңдап ал, туды сен тігесін» – деп, қолына қара қағазға оралған жалауды ұстатты.

«Гиммлердің үйінен» Рейхстагқа дейінгі қашықтық – 360 метр ғана еді, бірақ ол ашық алаң болғандықтан, олар жаудың оғының астында қалды. Лейтенант Қошқарбаев бұл аралықты сарбаздарымен 7 сағатта өтіп, 30 сәуір күні, сағат 18:30-да Рейхстагтың үстіне Женіс Туы тігілді.

1958 жылы Бауыржан Момышұлымен кездесіп, оған өз өмірі жайында айтып берді. Оның Берлинде жасаған ерлігі туралы естіген Бауыржан атамыз, журналист болып жұмыс істеген Кәкімжан Қазыбаевқа қоңырау шалып, Рақымжан Қошқарбаев жайлы мақала жазуға бұйрық берді. Сөйтіп, қазақ елі 13 жыл бойы белгісіз болған батыр туралы естіді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі оны Қызыл Ту орденімен марапаттаған, бірақ, Кеңес Одағының Батыры атағын беруден бас тартты. 1999 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен, Қошқарбаев Р. Қазақстандағы ең жоғары марапат – «Халық Қаһарманы» атағына ие болды.